АҚТӨБЕДЕГІ БҚМУ БАЗАСЫНДА АҒЗА ДОНОРЛЫҒЫ МЕН ТРАНСПЛАНТАТТАУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНУДА

There is no translation available.

 
Батыс Қазақстан медицина университеті КеАҚ базасында «Ағза донорлығы мен трансплантаттаудың өзекті мәселелері» тақырыбында конференция өтуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты қоғамның назарын ағза донорлығы мен трансплантаттау мәселесіне аудару, ағза донорлығының проблемалық мәселелерін талқылау, сондай-ақ Қазақстанда трансплантологияны одан әрі дамыту жөнінде бірлесіп шешім қабылдау болып табылады.
Форум алаңында Түркістан облыстық ауруханасы, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы, Онкология және радиология ҰҒО өкілдерінің ғылыми-практикалық хабарламалары тыңдалды. Сонымен қатар, медицина ғылымының белгілі қайраткерлері академик Жақсылық Досқалиев, Республикалық трансплантаттау орталығының директоры С.Шайсұлтанова, М. Оспанов атындағы БҚМУ профессоры Амин Тамадона, «University Medical Center» МО директорының орынбасары В.Алтынова сөз сөйледі.
Минск хирургия, трансплантология және гематология ғылыми-практикалық орталығының (онлайн баяндама) және Сеул қаласындағы Ұлттық медицина университетінің өкілдері басқа мемлекеттердің ағзаларды трансплантаттау қызметтерінің жұмыс тәжірибесімен таныстырды.
Жалпы, конференцияның жұмысына 200-ден астам қазақстандық және шетелдік қатысушы қатысуда.
Сондай-ақ, республикалық конференцияның шеңберінде алғаш рет ағзаларды трансплантаттаудан кейін адамдар мен диализдегі пациенттердің арасында республикалық спорттық жарыстардың ашылу салтанаты өтуде.
Елімізде ағза донорлығын дамыту үшін Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар жүйелі шаралар қабылдағанын айта кетейік. Нормативтік құқықтық база жетілдірілді: порталда қайтыс болғаннан кейін ағзалардың донорлығына ерік білдіруді тіркеуге азаматтардың құқығын іс жүзінде іске асыру egov.kz; қайтыс болғаннан кейінгі донорларды кондиционерлеу бойынша донорлық ұйымдардың шығындарын өтеу тетігін енгізу; электрондық форматта «күту парағы» қалыптастырылды; «Трансплантаттауды үйлестіру» дәрігерінің мамандануы «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасына» енгізілді, сондай-ақ «Денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасына» республикалық, өңірлік және стационарлық трансплантаттауды үйлестірушілер лауазымдары енгізілді.
Іс-шараны ҚР ДСМ Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық ұйымдастырады.
355127130 657565216413547 7889978334834562320 n