Жұқпалы жедел ішек ауруларының көбейетін мезгілі жаз айлары болып есептеледі. Ішектің ауруға шалдығуынан, кейде іштің бұзылуы организмінің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Ішек инфекциясы-жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады. Аурудың алғашқы белгілеріне іштің жиі-жиі өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбидің емшектен бас тартуы, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы жатады.