Настройки отображения

Размер шрифта:
Цвета сайта
Изображения

Параметры

Вейп несімен қауіпті? 

Снимок5874696  

Вейп  бауыр мен бүйрекке, жүйке жүйесін зиян тигізеді. Оның құрамындағы никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады.  

             Жастар арасында вейп шегетіндердің саны күн сайын артып келеді. Әсіресе оқушылар мини-кальяндарға қатты қызығады. Өйткені вейп темекі секілді емес, одан хош иіс шығады. Никотин де қосуға болады. Бірақ сол хош иістің өзі өте қауіпті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз ұсынысын жариялаған. 

             Вейпте 31 қауіпті зат бар

             Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қайнағанда бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Олар:

  • Глицерин;
  • Пропиленгликоль (Е1520);
  • Хош иісті қоспалар;
  • Никотин (кей кезде қосылмайды).

             Вейперлер электронды темекінің зияны жоқ деп ойлайды. Себебі оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Дегенмен Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейптен уытты заттардың бөлінетінін анықтады. Буда 31 қауіпті зат болады. Оған қоса, хош иісті сұйықтықты көп жағдайда қолдан жасайды. Содан бағасы да арзан. Ал аккумулятор қызып тұрғанда канцерогенді заттардың мөлшері көбейеді. Аккумулятор жарылып кетуі де мүмкін.

             Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 процентінде болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Жалпы уытты заттардың әсері аз емес. Олар:

  • Пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды қоздырады. Бауыр мен бүйрекке зиян тигізеді;
  • Пропиленгликоль мен глицерин ыдырғаннан кейін акролеин мен формальдегид қалады. Акролеин көздің шырышты қабығына әсер етсе, формальдегид жүйке жүйесіне салмақ түсіреді;
  • Никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады;
  • Құрамында никотині бар буды көп жұта берсе, адамның жүрегі айниды, басы айналады. Ас қорыту жүйесі бұзылып, іші өтеді.

              Ал бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегуге болмайды.

                Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?

             Бүгінде электронды темекілердің қауіпсіздігі толық зерттелмеген. Адамға "темекі тастауға көмектеседі" дейтін тиімділігі де дәлелденбеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіштерді қолданбауға кеңес беріп отыр. Жарнамасына да тыйым салу қажет дейді. 

             Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпке ресми түрде тыйым салынды.

                Қазақстан электронды темекіге тыйым салмақ

             Биыл қазан айында денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті никотині бар өнімдерге қатысты техникалық регламентті әзірледі. Оған сәйкес, Қазақстан нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді.

             "Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді", - делінген бұйрықта.

              Бұдан бөлек, электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтарды қаптамасынсыз айналымға шығаруға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды.

              Сосын құрамында никотин бар ауызбен тұтыну өнімдерін (никпэк, снюс) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу қарастырылған. Электронды тұтыну жүйелері мен олардың сұйықтығы техрегламент талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарыққа жіберіледі.

               Құжат қоғамдық талқылаудан өтті.

                  Вейп "эпидемиясы"

               Жақында мәжілісте бір реттік вейптерді дүкен сөрелерінен алып тастау бастамасы көтерілді. Депутат Мәди Ахметовтың айтуынша, әлем коронавирус пандемиясымен күресіп жатқанда жасөспірімдер арасында вейп "эпидемиясы" белең алып барады. Ал дүкен сөрелерінде никотині темекіден 2,5 есе жоғары бір реттік вейптер толып тұр.

                "Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан "у" кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсап тұр. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, кейбір мектептерде жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр", - дейді Ахметов.

                 Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының 2019 жылғы зерттеуіне сәйкес, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе артқан.