Бүгін Парламент Мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды платформасын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау саласы қызметінің 2022 жылғы нәтижелері және 2023 жылға арналған жоспарлары туралы баяндады.
Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі күтілетін негізгі жаңалықтар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленген елдегі медициналық көмекті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру туралы айтты.
Осылайша, медициналық қызметтерге ақы төлеудің икемділігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта ТМККК және МӘМС қаржылық ағындарын медициналық көмек тізбесін нақты ажырата отырып, бірыңғай пулға интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Сонымен қатар, біз барлық кезеңдерде, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы қаржы ағындарын бақылауды қамтамасыз етеміз, медициналық көмектің басым бағыттары бойынша, оның ішінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысының өсуін ескере отырып, тарифтер қайта қаралады. Халықты МӘМС жүйесіне тарту бойынша жұмыс жалғасады, нәтижесінде қаржылық түсімдер ұлғаяды», - деп атап өтті министр.
Ол 2022 жылы МӘМС-ті қаржыландыру 25%-ға өскенін және алынған қосымша қаржы қаражаты бұрын қаржыландыру тапшылығын бастан өткерген медициналық көмек түрлерін дамытуға бағытталғанын еске салды. Осы активтердің есебінен МӘМС профилактикалық тексерулерді, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтерді және оңалтуды қаржыландыру көлемін 1,5 есеге, стационарлық көмекті 1,2 есеге, жоғары технологиялық медициналық көмекті 2,2 есеге ұлғайта алды.